Маңғыстауда "Қызылсай" мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы рейдтік жұмыстар кезінде заңсыз аң аулаған Бейнеу ауданының екі тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
"Қызылсай" мемлекеттік өңірлік табиғи паркі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің "Манашы" мемлекеттік табиғи қаумалының инспекторлары Сайөтес ауылдық округінің учаскелік полиция қызметкерімен бірге "Броконьер" жедел профилактикалық іс-шарасы аясында ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға рейдтік-бақылау жұмыстарын жүргізген.
«Нәтижесінде «Тойота Прадо» автокөлігі тоқтатылып, Бейнеу ауданына қарасты Төлеп ауылының екі азаматы ұсталды. Автокөлікті тексеру барысында 1 дана аңшы мылтығы, 17 дана 12 калибрлі оқ-дәрілер және автокөліктердің жүк салғышынан 4 қоян табылды», - деп жазылған "Қызылсай" мемлекеттік өңірлік табиғи паркі таратқан ақпаратта.
Қазіргі уақытта ұсталған азаматтар мен заттары Маңғыстау аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, тиісті хаттама толтырылды.